Қоғам

Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты туралы ережені бекітті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының қызметін реттейтін жаңа ережені бекітті.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты туралы ереже бекітіліп, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасарының өкілеттіктері нақтыланды.

Енді Қауіпсіздік Кеңесі жаһандық сын-қатерлер мен елдегі ішкі ахуалдың өзекті мәселелерін жан-жақты талдаумен айналысады.

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасарының міндеттеріне Президент тапсырмалары мен Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерінің орындалуын бақылау, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс қабілеті және заң мен тәртіп салаларындағы мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру кіреді.

Сонымен қатар орынбасар ақпараттық және киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл және азаматтық қорғаныс мәселелеріне жетекшілік етеді.

Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты дербес мемлекеттік орган ретінде Президентке тікелей бағынады және есеп береді. Оның негізгі міндеттерінің бірі – ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылауды күшейтіп, мемлекетті басқарудың орнықтылығын қамтамасыз ету.

Сонымен қатар Аппарат Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы мен Кеңестің қызметіне институционалдық қолдау көрсетіп, қабылданған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етуге қатысады.

Сайт Әкімшілігі