Қоғам

«2 жылдан асты»: ІІМ Ербаян Мұхтар ісі бойынша мәлімет беруден бас тартты

Ербаян Мұхтардың ауыр жарақат алғанына екі жарым жылдан асса да, Ішкі істер министрлігі оқиғаға кінәлі болуы мүмкін тұлғалар туралы ақпарат жариялаған жоқ.

Фото: ашық дереккөз

Ведомство тек Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы әскери қызметшінің дене жарақатын алу мән-жайын тергеп жатқанын, ал өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін хабарлады.

Ербаян Мұхтар Алматыдағы №5571 Ұлттық ұлан әскери бөлімінде мерзімді қызмет өткерген. 2023 жылдың желтоқсанында ол ауыр бас-ми жарақатын алған. Ресми нұсқа бойынша, сарбаз дәретханада құлап, басын плиткаға соққан. Алайда оның отбасы әуел бастан Ербаянның аяусыз соққыға жығылғанын айтып келеді. Жас сарбаз жарты жылға жуық комада жатты.

Қазақстандықтар оның емі мен оңалтуына, соның ішінде Түркиядағы емделуіне шамамен 230 млн теңге жинап берген. Алайда 2026 жылғы 23 маусымда Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Оқиғадан бері ұзақ уақыт өтсе де, тергеу әлі аяқталмады.

Сайт Әкімшілігі