Live

Президент жаңа Конституцияны іске асыру мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын жүзеге асыруға арналған жұмыс кеңесі өтті.

Фото: gov.kz

Жиынға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министр Олжас Бектенов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев және Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев қатысты.

Президент осы күні «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы алдағы кезеңде қолданыстағы заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерді жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Әсіресе, билік тармақтарының қызметін нақты айқындайтын заңдарды қайта қарау қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Жалпы алғанда, алты конституциялық заңға және басқа да заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін үш заң қабылдау жоспарланып отыр. Президент тиісті құжаттарды Парламент сессиясы аяқталғанға дейін қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар Үкіметке заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді жедел түрде жаңарту міндеті жүктелді.

Президент заңнамалық реформаларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру елдегі саяси жүйенің тиімділігін арттырып, құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Жаңа Конституцияны іске асыру – елдің құқықтық жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі. Бұл бастама мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырып, заң үстемдігін күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Уақтылы әрі сапалы қабылданатын заңдар Қазақстанның тұрақты дамуына берік негіз қалайды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Конституция