Live

Астана – инновация мен цифрландырудың ордасы

Шексіз даланың төсінде бой көтерген Астана – бүгінде Қазақстанның әкімшілік, саяси және технологиялық дамуындағы басты орталықтардың бірі.

Фото: ашық дереккөз

Кезінде шағын бекініс болған бұл қала қазір озық инфрақұрылым, заманауи сәулет және сандық технологиялардың тоғысқан ордасына айналды. Елорданың бүгінгі бейнесі – тек көркем ғимараттар мен биік нысандар ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың өмір сапасын арттыратын цифрлық шешімдердің үлгісі.

Қала көшелеріндегі интеллектуалды бейнебақылау жүйелері, қоғамдық көліктегі электронды билеттеу, цифрлы денсаулық паспорттары мен тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді онлайн басқару – мұның барлығы «ақылды» қаланың шынайы көрінісі. Астанадағы Astana Hub технопаркі мен Big Data негізінде шешім қабылдайтын әкімшілік құрылым – Орталық Азияда аналогы жоқ инновациялық экожүйе қалыптастыруға жол ашты. Бұл ретте Тоқаевтың елорданы цифрлық көшпенділердің орталығына айналдыру жөніндегі тапсырмасы стратегиялық бағыт ретінде қабылданды.

Smart City – өмір сапасын арттыру жолы. Ақылды қала тұжырымдамасы – бұл тек цифрлық құрылғылар мен интернетке қосылған сенсорлар ғана емес, бүкіл қаланы тиімді басқарудың жүйелі тәсілі. Астанада 2015 жылдан бері іске асырылып келе жатқан Smart Astana жобасы – әкімшілік ресурстарды оңтайландыру, қауіпсіздік пен қолайлылықты арттыруға бағытталған кешенді бағдарлама. Бұл бастама бірнеше негізгі бағытты қамтиды: көлік, қауіпсіздік, цифрлық қызметтер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология және басқару.

«Сергек» бейнебақылау жүйесі жол-көлік қозғалысын автоматты түрде реттеп, қоғамдық тәртіпті сақтау ісінде тиімділігін дәлелдеді. Электронды үкімет порталы мен Smart Astana мобильді қосымшасы арқылы тұрғындар 600-ден астам қызметке онлайн түрде қол жеткізе алады. Мұның ішінде балабақшаға кезекке тұру, мектепке құжат тапсыру, дәрігерге жазылу, әлеуметтік көмекке өтінім беру секілді маңызды функциялар бар. Бұдан бөлек, көлік саласында QR-кодпен төлем жасау, интеллектуалды бағдаршамдар арқылы қозғалысты басқару жүйелері енгізілді.

Цифрлық әкімшілік және «еститін» қала. Қалалық әкімдік өз жұмысын барынша цифрландырып, тұрғындардың мәселелеріне жедел жауап беруге бейімделіп келеді. Мәселен, IKomek 109 орталығы күніне орта есеппен 20 мыңға жуық өтініш қабылдайды. Әрбір өтініштің орындалу барысы бақылауда ұсталып, автоматтандырылған жүйе арқылы тиісті бөлімдерге таратылып отырады. Сонымен қатар Upravdom, Е-Knot, Aula және Osi.kz жобаларының көмегімен тұрғындар өз үйлерін басқару, үй басқарушысын таңдау және басқа да тұрмыстық мәселелерді онлайн шешуге мүмкіндік алды.

Қаладағы инклюзивті қызметтер де ерекше назарда. Birge платформасы арқылы ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары оңалтуға, медициналық консультацияға және иппотерапия қызметіне онлайн түрде өтінім бере алады.

Астанадағы мектептер мен медициналық мекемелер де цифрлық жүйеге көшуде. Мектептерде электронды күнделік пен онлайн оқыту жүйесі енгізіліп, ата-аналар оқу процесін үйден бақылай алады. Денсаулық сақтау саласында тұрғындардың 95 пайызы электронды денсаулық төлқұжатына ие. Дәрігерге жазылу, рецептерді онлайн алу және медициналық кеңес – барлығы мобильді қосымшалар арқылы жүзеге асады. Қаланың экологиялық келбетін де заманауи технологиялар арқылы жақсартуға басымдық беріліп отыр. Мысалы, жақында іске қосылған ағаштарға QR-код ілу жобасы арқылы әрбір ағаш туралы ақпарат цифрлық жүйеде сақталып, оны қорғау мен есепке алу жеңілдей түсті.

Astana Hub – IT саласының локомотиві. Astana Hub – 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан халықаралық IT-стартаптар технопаркі. Мұнда бүгінде 1000-нан астам отандық және шетелдік компания тіркеліп, инновациялық жобаларды жүзеге асыруда. Технопарк стартаптарға тәжірибелі менторлар, гранттық қолдау, инвестиция тарту және шетелдік нарыққа шығуға арналған бағдарламалар ұсынады. Оның резиденттері 2022 жылдың өзінде 100 млрд теңгеден астам өнім өндірген. Сонымен қатар Astana Hub резиденттері салықтық жеңілдіктерге ие, бұл – халықаралық мамандар мен инвесторлар үшін тартымды орта қалыптастырады.

Инженерлік инфрақұрылым және LRT. Астананың тұрақты өсу қарқыны инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуды талап етеді. Су, жылу, электр және газ жүйелерін жаңарту жобалары барлық ауданға бірдей қамтылып келеді. Әсіресе, шеткі аудандар мен жаңа тұрғын алаптарда инфрақұрылым айтарлықтай дамуда. Қала көлік инфрақұрылымындағы ең ірі жобалардың бірі – LRT. Бұл тек жолаушылар тасымалдау ғана емес, цифрлық инфрақұрылымды басқару, экологияны сақтау және қала ішіндегі логистиканы оңтайландыруға арналған кешенді жоба. LRT желісі 2026 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.

Қалалық басқару органдары бүгінде Big Data, жасанды интеллект, экологиялық технологиялар мен Smart Home жобаларын дамытуды негізгі басымдық ретінде белгілеген. Барлық инфрақұрылым элементтері цифрлық картаға түсіріліп, басқару процестері автоматтандырылуда. Мұның барлығы қоршаған ортаны қорғауға, энергияны тиімді пайдалануға және тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Астана бүгінде Intelligent Community Forum нұсқасы бойынша әлемнің ең интеллектуалды 21 қаласының қатарына енді. Бұл – халықаралық деңгейдегі мойындау және елорданың инновациялық әлеуетінің дәлелі. Сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы электронды форматқа көшірілді.

Астана – сәулет пен сандық технологиялардың тоғысқан нүктесі ғана емес, болашақтың қаласы. Цифрлық шешімдер, жасанды интеллект пен Big Data арқылы басқарылатын қала тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын ұсынуда. Елорданың бүгінгі даму қарқыны – Қазақстанның жалпы цифрлық трансформациясына үлгі боларлық бастама. Астана – тек еліміздің астанасы емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы цифрлық жаңғырудың көшбасшысы.

Сайт Әкімшілігі