Live

Қарағандыда депутаттың ұлы құрылыс саласындағы серіктесімен соттасып жатыр

Қарағандыда құрылыс компаниясының құрылтайшылары арасында Sunrise club house тұрғын үй кешенінің құрылысына байланысты жанжал туындады.

Фото: ашық дереккөз

 Аумағы 15 мың шаршы метр болатын тұрғын үй толық салынып біткен, пәтерлер сатылған, тұрғындар қоныстанып та үлгерген. Алайда бес құрылтайшының үшеуі өздеріне тиесілі пайда үлесін алмағандарын мәлімдеді. Олардың қатарында мәслихат депутаты Төлеген Әшімовтің ұлы Саян Әшімов те бар, деп жазды "Патриот" телеграм арнасы.

Іс алаяқтық бабы бойынша қозғалған. Айыптаудың негізіне талапкерлердің өздері тапсырыс берген аудиторлық есеп алынған. Сот отырысы кезінде аудитор құрылтайшыларды өзінің «тапсырыс берушілері» деп атап, процестегі ең көп талқыланған сөздердің бірін айтты:

«Тапсырыс беруші музыканы өзі таңдайды!»

Аудитордың мәліметінше, бухгалтерлік есеп бойынша жетіспейтін қаржы көлемі 400 миллион теңгеден асады. Алайда Сергей Кимнің қорғаушылары есепке қатысты көптеген сұрақ қойған.

Сот барысында аудитор құрылтайшылар мен мердігерлерге жұмыс пен пайда есебінде берілген кейбір пәтерлерді есепке алмағаны анықталған.

Маман өз қорытындысының соңғы ақиқат емес екенін де мойындады.

«Мен есептің өзінде бұл деректердің 100 пайыз шынайылығына кепілдік бермейтінімді жаздым. Себебі бәрі құжатқа байланысты. Құжат жоғалуы, өртенуі, ұрлануы, жеткізілмеуі немесе рәсімделмеуі мүмкін. Кез келген нәрсе болуы ықтимал», – деді ол.

Енді сот қаржылық заңбұзушылықтардың шынымен болған-болмағанына жауап беруі тиіс.

Сайт Әкімшілігі