Live

Конгода Эбола өршіді: БҰҰ індетке қарсы қаржы бірнеше аптаға ғана жететінін ескертті

Конго Демократиялық Республикасында Эбола індеті бақылаудан шығып барады. БҰҰ өкілдері вирустың таралу аумағы ұлғайып, ауруға қарсы күреске бөлінген қаражаттың бірнеше аптадан кейін таусылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы БҰҰ-ның Эболаға қарсы күрес жөніндегі аға үйлестірушісі Жюльен Харнейс Итури провинциясының Буния қаласынан журналистерге берген онлайн брифингінде айтты.

Фото: ашық дереккөз

Оның сөзінше, халықаралық қауымдастықтың көмегі шұғыл қажет. Қаржыландырудың кешігуі індетпен күресті қиындатып қана қоймай, өлім-жітімнің артуына және шығынның көбейуіне әкелуі мүмкін.

15 мамырда індет жарияланғаннан бері 5290 адамнан Эбола анықталған, оның 2516-сы қайтыс болған. Тағы 1152 адам аурудан айыққан, ал шамамен 840 науқас оқшауланған немесе ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Індеттің өлім-жітім көрсеткіші 47,6 пайызға жеткен.

БҰҰ мәліметінше, барлық өлім жағдайларының жартысы соңғы 20 күннің ішінде тіркелген. Қазіргі таңда вирус Итури, Солтүстік Киву, Оңтүстік Киву, Жоғарғы Уэле, Чопо және Төменгі Уэле провинцияларына таралып отыр.

Індетпен күресіп жүрген медицина қызметкерлері де үлкен қауіпке тап болған. Үш айдың ішінде 160 медицина маманы Эбола жұқтырса, олардың 43-і қайтыс болған.Бұған қоса дәрігерлер мен гуманитарлық қызметкерлердің жұмысына қарулы қақтығыстар мен жергілікті тұрғындардың шабуылдары кедергі келтіріп отыр. Жедел жәрдем көліктеріне шабуыл жасалып, кейбірі өртенген, медициналық мекемелер де шабуылға ұшыраған.

БҰҰ өкілінің айтуынша, аймақта негізгі әлеуметтік және мемлекеттік қызметтердің болмауы да жағдайды қиындатып отыр. Бұған қоса шығыс провинцияларда банк жүйесі іс жүзінде жұмыс істемейді. Соның салдарынан індетпен күресіп жүрген мамандарға жалақы төлеу мәселесі туындаған.

Соңғы екі жылдағы гуманитарлық қаржыландырудың қысқаруы ұйымдардың мүмкіндігін 30 пайыздан астам төмендеткен. Соған қарамастан БҰҰ Конго билігімен және халықаралық серіктестерімен бірлесіп, Эболаның таралуын тоқтатуға бағытталған жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Сайт Әкімшілігі