Live

Ресей мен «Талибан» әскери ынтымақтастық туралы келісім жасады

Ресей Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысымен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы 27 мамыр күні ресейлік ТАСС агенттігі хабарлады.

Фото: EPA/TASS/ AKHTAR GULFAM

Құжат Мәскеу облысында өтіп жатқан халықаралық қауіпсіздік форумының аясында қабылданған. Алайда келісімнің нақты мазмұны әзірге жарияланған жоқ.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай келісімдер әдетте тараптардың бір-біріне қару-жарақ, әскери технология, лицензия беруі немесе бірлескен әскери жобалар әзірлеуі мүмкін екенін білдіреді. 

Ал шығыстанушы Руслан Сүлейменов The Insider басылымына берген пікірінде бұл құжатты «көбірек символикалық қадам» деп бағалаған. Оның сөзінше, Ресей мен «Талибан» арасында әзірге ауқымды әскери әріптестік орнатуға нақты алғышарт байқалмайды.

Келісім Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу мен Ауғанстан қорғаныс министрі Мұхаммад Якубтың кездесуінен кейін жасалған. Якуб – «Талибанның» бұрынғы әскери комиссары әрі қозғалыс негізін қалаушы молда Омардың ұлы.

Кездесу барысында ауған тарапы Мәскеу мен Кабул арасындағы байланыс кеңейіп жатқанын мәлімдеген. Ал Сергей Шойгу Батыс елдерін Ауғанстанның бұғатталған активтерін босатып, елді қалпына келтіруге қаржы бөлуге шақырды.

«Талибан» қозғалысы Ауғанстанда билікке 2021 жылы АҚШ әскері шығарылғаннан кейін қайта келген еді. Кейінгі жылдары Мәскеу мен Кабул арасындағы байланыс айтарлықтай күшейді.

2024 жылы Ресей президенті Владимир Путин талибтерді «терроризмге қарсы күрестегі одақтастар» деп атаған. Ал 2025 жылы Кремль «Талибанды» террористік ұйымдар тізімінен алып тастап, олардың Мәскеудегі елшісін қабылдады.

Сонымен қатар Тәжікстан, Түркия және Канада секілді мемлекеттер «Талибанды» әлі күнге дейін террористік ұйым деп санайды.

Сайт Әкімшілігі