Live

Трамп: АҚШ Польшаға қосымша 5000 әскери жібереді

АҚШ президенті Дональд Трамп Польшаға әскери қолдау жалғасатынын мәлімдеді. Ол Вашингтон Польшаға қосымша 5000 әскери қызметкер жіберетінін айтты.

Фото: AP

«Мен қолдаған қазіргі Польша президенті Кароль Навроцкийның сәтті сайлануын және онымен арадағы жақсы қарым-қатынасты ескере отырып, АҚШ Польшаға қосымша 5000 әскери қызметкер жіберетінін қуана хабарлаймын», — деп жазды Трамп 22 мамырға қараған түні өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.

Алайда Трамп бұл толықтай жаңа әскери контингент пе, әлде бұған дейін Польшаға жіберілуі тоқтатылған 1-кавалериялық дивизияның 2-бронетанкалық бригадасындағы 4000 сарбаз туралы болып отыр ма — нақтыламады.

13 мамырда The Wall Street Journal және Defence News басылымдары Пентагон Польшаға 4000 әскери жіберу жоспарын тоқтатқанын хабарлаған еді. Бұл шешім Трамптың Еуропадағы америкалық әскери контингентті қысқарту жоспарына сәйкес қабылданғаны айтылған.

Politico дерегінше, поляк әскери басшылығы бұл ақпаратты БАҚ арқылы естіп, қатты наразы болған.

Бұған дейін Вашингтон Германиядан 5000 америкалық әскери қызметкерді шығаратынын да хабарлаған. Бұл шешім Германия канцлері Фридрих Мерцтің АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әрекеттерін сынауынан кейін жарияланған.

17 мамырда Politico басылымы Польша америкалық әскер санының қысқаруына дайындалып жатқанын жазды. Польша Қарулы күштері Бас штабы басшысы Веслав Кукула айналасындағы дереккөздің айтуынша, Варшава америкалық күштердің қысқаруы туралы хабардар болған және мәселені шешумен айналысып жатыр.

Сонымен қатар Польша билігі елдегі АҚШ әскері азаймайтынын мәлімдеді. Қорғаныс министрі Владислав Козиняк-Камыш Польшадағы америкалық сарбаздар саны қысқармайтынын айтып, керісінше олардың санын арттыру бағытында жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.

Америкалық әскери орта деректеріне сәйкес, мамыр айының ортасында Польшада шамамен 7400 АҚШ әскери қызметкері орналасқан. Соңғы жылдары АҚШ Еуропаға жалпы саны 100 мыңға жуық сарбаз бен офицер орналастырған. Оның 65 мыңнан астамы тұрақты негізде, қалғаны ротациялық жүйемен қызмет етеді.

19 мамырда Пентагон Еуропадан төрт жауынгерлік бригаданың бірін шығаратынын хабарлады. Осылайша аймақтағы америкалық әскер саны 2021 жылғы деңгейге дейін қысқармақ.

Ал НАТО-ның Еуропадағы Біріккен қарулы күштерінің қолбасшысы, АҚШ Әуе күштерінің генерал-лейтенанты Алексус Гринкевич америкалық әскердің қысқаруы Солтүстік Атлантика альянсының Еуропаның қорғаныс қабілетін күшейту жоспарына әсер етпейтінін мәлімдеді.

Оның пікірінше, ұзақ мерзімді перспективада Еуропаның әскери әлеуеті күшейген сайын АҚШ өз күштерін әлемнің басқа аймақтарына көбірек бағыттауы мүмкін.

Польшаның PAP агенттігі еске салғандай, 2026 жылдың басында АҚШ Конгресі Пентагон бюджеті туралы заң аясында Еуропадағы америкалық әскер санын 76 мыңнан төмен қысқартуға уақытша шектеу енгізген. Оған сәйкес, Қорғаныс министрі мен Еуропалық қолбасшылық (EUCOM) арнайы есеп ұсынбайынша, мұндай шешім 45 күннен артық күшіне енбеуі тиіс.

Сайт Әкімшілігі