КИМЭП деканы университетті қызына қысым көрсетті деп айыптады
КИМЭП университетінің деканы Джейсон Гэйнос 20 жастағы қызы университеттегі бір аға оқытушыға қатысты жыныстық қысым көрсету бойынша ішкі шағым түсіргенін айтты.
Оның айтуынша, бұл бұрын БАҚ-та аталған Надим Накви емес, басқа оқытушыға қатысты іс.
Гэйностың сөзіне қарағанда, қызы полицияға жүгінбеген және тек университет ішіндегі ережелер бойынша тексеріс жүргізуді сұраған. Алайда шағымдан кейін оны кешкі уақытта КИМЭП-ке шақырған, ол жерде полиция қызметкерлері мен шағым түскен оқытушы да болған.
Деканның айтуынша, конференция залында аудармашы және қызына таныс емес екі әйел адам да болған. Ол қызын оқытушының қарсы бетіне отырғызып, кейін жалған шағым жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескерту жасалғанын айтады. Кейін одан полицияға арыз түсіру-түсірмеуі сұралғанда, ол тек университеттің ішкі тәртібі бойынша шағымданғандықтан бас тартқан.