Live

Қазақстан бюджеті Теңіздегі өндірістің төмендеуінен шамамен 1 млрд доллар кірістен айрылды

Қазақстанның ең ірі мұнай кен орны – Теңіз кен орны аумағында мұнай өндіру көлемінің азаюы салдарынан ел бюджеті шамамен 1 миллиард долларға жуық кірістен қағылды.

Фото: Максим Шеметов / Reuters

Бұл туралы Energy Monitor Telegram-арнасының авторы Нұрлан Жұмағұлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Теңіздегі мұнай өндірісі 60 пайызға төмендеген. Егер 2025 жылдың алғашқы үш айында 9,37 млн тонна мұнай өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 5,7 млн тоннаға дейін азайған.

«Нәтижесінде мұнай өндірісі 3,7 млн тоннаға қысқарды. Бұл – бюджетке түспеген 900 миллион доллар салық», – деп жазды сарапшы.

Өндірістің күрт төмендеуіне үш электр трансформаторының өртенуі себеп болған. Оқиғадан кейін Теңіз және Королевское кен орындарындағы өндіріс шамамен бір айға тоқтатылды. Өрттің нақты себебі әлі жарияланған жоқ.

Трансформаторлардағы өрт 18 қаңтарда болған. Соның салдарынан газтурбиналық қондырғылар өшіп, мұнай мен газ өндіру уақытша тоқтатылған еді. 22 қаңтарда Қазақстанның Энергетика министрлігі оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрған.

Мұнай тасымалы мен экспортындағы қиындықтар, әсіресе Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы өтетін Каспий құбыр консорциумы бағытына қатысты мәселелер және Теңіздегі  тоқтау салдарынан Энергетика министрлігі 2026 жылға арналған мұнай өндіру жоспарын қайта қарады. Бұған дейін жоспар 100,5 млн тонна болса, енді 96–98 млн тонна көлемінде белгіленді.

2025 жылы Теңізшевройл Теңіз кен орнында 39 млн тонна мұнай өндірген. Бұл тәулігіне шамамен 851 мың баррельге тең. Ал 2024 жылы көрсеткіш 27,8 млн тонна немесе тәулігіне 605 мың баррель болған. Өсім кен орнын кеңейту жобасының іске қосылуымен байланысты.

Трансформатор өндіретін Alageum Electric компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов стратегиялық энергетикалық нысандар тізімін жасап, оларды арнайы бақылау жүйелерімен жабдықтауды ұсынды.

Оның айтуынша, Теңізде қолданылатын ірі трансформаторлардың құны 1–2 млн доллар аралығында. Ал желідегі кернеу өзгерістерін бақылайтын арнайы датчиктерге 200–300 мың доллар инвестиция салу арқылы олардың қызмет ету мерзімін 40–50 жылға дейін ұзартуға болады.

Сонымен қатар Ілиясов отандық трансформаторларды жеткізу импорттық жабдықтарға қарағанда әлдеқайда жылдам жүзеге асатынын атап өтті. Себебі шетелдік құрылғылар апат кезінде істен шықса, оларды жедел ауыстыру қиынырақ.

Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 28,343 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,8 пайызға аз.

Ал Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы дерегіне сәйкес, сәуір айында Қазақстан тәулігіне 1,799 млн баррель мұнай өндірген. Наурызда бұл көрсеткіш 1,684 млн баррель болған. Осылайша бір ай ішінде өндіріс көлемі 7 пайызға өскен.

Сайт Әкімшілігі