Live

Әблязов ісінде аталған шетелдік инвесторға қатысты тергеу басталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті бельгиялық инвестор Фрэнк Джозеф Монстрейге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.

Фото:

 Алайда ведомство іс бойынша өзге мәліметтерді жарияламады. Бұған дейін шетелдік азаматқа іздеу жарияланған болатын.

Фрэнк Монстрейдің аты 2018 жылы ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу орталығының (OCCRP) және нидерландтық Zembla басылымының Мұхтар Әблязовқа қатысты жариялаған зерттеуінде аталған.

Журналистік зерттеуде Монстрейге тиесілі компаниялар Әблязовтың күйеу баласы Ілияс Храпуновтың офшорлық желісіне 440 миллион доллар аудару схемасына қатысы болуы мүмкін деген болжам айтылған.

Материалда Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың өгей ұлы Ілияс Храпуновқа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға АҚШ президентінің бұрынғы кеңесшісі Феликс Сатер мен Trump Organization компаниясының экс-қызметкері Дэниел Ридлофф көмектескені көрсетілген.

Зерттеу авторларының мәліметінше, қаржы тізбегі арқылы өткен шамамен 3 миллион доллар Нью-Йорктегі Trump SoHo кешенінен үш кондоминиум сатып алуға жұмсалған болуы мүмкін. Сонымен қатар, 30 миллион доллардан астам қаражат АҚШ-тағы өзге инвестициялық жобаларға бағытталған деген болжам бар. Олардың қатарында Цинциннати қаласының маңындағы Tri-County сауда орталығының қарызына қатысты мәміле де аталады.

Ал Фрэнк Монстрей өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарып, Мұхтар Әблязовтың сенімді өкілі болмағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, аталған қаржы операциялары ескі қарызды өтеумен байланысты болған.

Т. РАУШАНҰЛЫ