Тоқаев: «Құрылыс талаптарын бұзғандар міндетті түрде жазаланады»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беру қажет екенін айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, соңғы жылдары елде ауқымды реформалар жүзеге асырылып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған. Қазақстанның әр өңірінде мектептер, емханалар, мәдениет және спорт нысандары салынып жатыр.
Сонымен қатар ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынуда. Мемлекет басшысы бұл жұмыстың тоқтамауы керектігін атап өтті.
«Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент құрылыс нысандарының сапасы жоғары болуы тиіс екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді. Оның сөзінше, белгіленген талаптар мен ережелерді бұзғандар заңға сәйкес жауапқа тартылуы керек.
Мемлекет басшысы негізгі мақсат халықтың тұрмыс сапасын арттырып, азаматтарға қолайлы жағдай жасау екенін атап өтті.
Тоқаев Астананың ел үшін ерекше маңызын да сөз етті. Оның айтуынша, елорда – Қазақстанның айнасы әрі басты қаласы. Президент қала көркінің артып келе жатқанын айтып, мұны елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің және оның командасының еңбегімен байланыстырды.