Ақтауда есірткіні асқазанына салып өткізбек болған шетел азаматы ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтау әуежайында есірткіні асқазанына тығып, алып өтпек болған шетел азаматының ұсталғанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, ер адамнан апиын салынған 114 капсула табылған. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы шамамен 1 келі.
Сонымен қатар ҰҚК сәуір айынан бері халықаралық және өңіраралық есірткі арналарына қарсы бірнеше арнайы операция жүргізілгенін мәлімдеді. Нәтижесінде 9 халықаралық және 2 өңірлік есірткі жеткізу арнасының жолы кесілген.
Тағы бір жағдай Астана халықаралық әуежайында тіркелген. Оңтүстік Азия елдерінің бірінен келген Қазақстан азаматы 12 келі гашиш майымен ұсталған.
Құқық қорғау органдары осы уақыт аралығында ондаған келі түрлі есірткі затын, шамамен 20 тонна көкнәр сабанын тәркілеген. Арнайы операциялар барысында 26 адам ұсталған, олардың арасында шетел азаматтары да бар.