Қоғам

Ұлттық компания басшылары Құрылтай алдында есеп бере ме?

Жекелеген министрлер мен квазимемлекеттік сектор басшылары Құрылтай депутаттарының алдына шақырылып, есеп беруі мүмкін. Бұл туралы брифингте Құрылтай депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөз

Депутаттың айтуынша, Үкімет жұмысына қатысты мәселелер қаралған кезде жекелеген министрлермен қатар мемлекеттік органдардың басшылары және квазимемлекеттік сектор компанияларының жетекшілері де Құрылтай отырысына шақырылуы мүмкін.

Сонымен бірге Жоғары аудиторлық палата жылына екі рет есеп береді. Оның бір баяндамасы жылдық бюджеттің атқарылуына арналса, екіншісі жекелеген бағыттар бойынша жүргізілген аудит нәтижелерін қамтиды.

Мұндай есептерде квазимемлекеттік сектордың тиімділігі, ұлттық компаниялардың қызметі және мемлекеттің қатысуымен жүзеге асырылатын жобалардың нәтижелілігі қаралуы мүмкін. Осы мәселелер талқыланған жағдайда тиісті компаниялардың басшылары, соның ішінде «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері де Құрылтайға шақырылады.

Үнзила Шапақтың сөзінше, конституциялық заңнамада Үкіметтің жекелеген мүшелерінің қызметі туралы есепті тыңдау мүмкіндігі де қарастырылған. Оның қорытындысы бойынша конституциялық жауапкершілік мәселесі көтерілуі мүмкін.

Осы рәсімдер аясында ұлттық компаниялардың басшылары Құрылтай депутаттарының сұрақтарына жауап бере алады.

Сайт Әкімшілігі