Қоғам

Талдықорғанда синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен ерлі-зайыпты ұсталды

Жетісу облысының орталығында синтетикалық есірткі таратумен айналысты деген күдікпен ерлі-зайыпты қолға түсті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: ашық дереккөз

Ведомство мәліметінше, Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында 33 жастағы Алматы тұрғыны мен Алматы облысының 43 жастағы тұрғынын ұстаған.

Тергеу нұсқасы бойынша, ерлі-зайыпты мессенджер арқылы куратордан нұсқау алып, есірткіні арнайы жасырын орындарға («закладка») қалдыру арқылы таратумен айналысқан.

Жеке тінту және кейінгі тергеу әрекеттері кезінде күдіктілерден ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар, сондай-ақ есірткіні өлшеп-орауға және таратуға пайдаланылған болуы мүмкін құралдар тәркіленді.

Сонымен қатар Талдықорғандағы олардың уақытша тұрып жатқан жеріне жүргізілген тінту барысында қосымша тыйым салынған заттар мен заңсыз қызметті дәлелдейтін құралдар табылған.

ІІМ мәліметінше, заңсыз айналымнан жалпы көлемі 260 грамм мефедрон тәркіленді.

Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Есірткі