ҚазТАГ бас редакторы үйқамақтан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады
ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов үйқамақ мерзімі аяқталғаннан кейін алғаш рет көпшілік алдында мәлімдеме жасап, өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істің журналистік қызметпен байланысты екенін айтты.
Қасенов сөзінде журналистің басты міндеті қоғамдағы барлық тараптың пікірін беру екенін атап өтті.
«Сотта тек Матаев пен Қасеновтың ісі қаралмайды. Онда Қазақстандағы журналист қарсы тараптың пікірін жариялап, сұрау салып, жауап күтіп немесе жауап ала алмай, өз кәсібін атқарғаны үшін айыпталушыға айнала ма деген маңызды мәселе тексеріледі», – деді ол.
Бас редактор сот процесінің ашық өтуіне үміт білдіріп, қоғам дәлелдерді өз көзімен көріп, қорытындыны өзі жасауы керегін айтты.
Әмір Қасенов Турловтан кешірім сұрау мәселесіне қатысты пікір білдірді
ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасенов «Фридом Финанс» компаниясы мен оның бенефициары Тимур Турловқа қатысты кешірім сұрау мәселесіне тоқталды.
«Мен кешірім сұрауға дайынмын. Кешірім сұрай білу – күшті адамның қасиеті. Бірақ негізгі мәселе – нақты не үшін кешірім сұрайтынымда. Егер біздің жариялаған материалдарымыз Турлов мырза мен оның командасына моральдық жайсыздық тудырған болса, сол үшін кешірім сұрауға дайынмын. Алайда журналистік міндетімді орындағаным және өздерін жәбірленуші санайтын адамдарға сөз бергенім үшін кешірім сұрай алмаймын», – деді Әмір Қасенов.
Оның айтуынша, әңгіме журналистің кәсіби міндетін атқаруы мен қоғам үшін маңызды ақпаратты жариялау құқығы туралы болып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қасенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, өзіне қатысты қылмыстық қудалауға байланысты алаңдаушылық білдірген болатын. Кейін оның адвокаттары мен жұбайы да істің әділ қаралуына қатысты мәлімдемелер жасаған.
Соңғы апталарда бұл іс бойынша қоғамда қызу пікірталас өрбіді. Журналистер, құқық қорғаушылар және бірқатар қоғам қайраткерлері сөз бостандығы мен БАҚ қызметінің қауіпсіздігі мәселелеріне назар аударды. Атап айтқанда, құқық қорғаушы Евгений Жовтис, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи және бірқатар адвокаттар пікір білдірген.
Еске салсақ, ҚазТАГ басшылығының ісі бойынша сот отырысы 15 маусым күні Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотында өтуі тиіс. Қасеновтың қорғаушылары процестің ашық өтуін талап етіп отыр.