Алматы облысында жаңа «Достық үйінің» құрылысы басталды
Бүгін Қонаев қаласында Алматы облыстық «Достық үйінің» құрылысына ресми түрде старт берілді. Өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған маңызды жоба жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асырылуда.
Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев және облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері болашақ ғимараттың іргетасына уақыт капсуласын салды.
Іс-шараға облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ Қоғамдық келісім және даму орталығының қызметкерлері қатысты.
Бүгінде Алматы облысында 105 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Өңірде тіркелген 34 этномәдени бірлестік пен қоғамдық ұйым түрлі әлеуметтік және мәдени жобаларды жүзеге асырып, қоғамдағы өзара сенім мен бірлікті нығайтуға үлес қосуда. Жаңа «Достық үйі» осы ұйымдардың басын қосатын ортақ алаңға айналмақ.
Жоба аясында этномәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестіктерге арналған кабинеттер, 56 орындық конференц-зал және 300 орындық мәжіліс залы қарастырылған. Сонымен қатар ғимарат алдына биіктігі 92 метр болатын Ту тұғыры орнатылады.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл бастаманың өңір үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылғы XXXIV сессиясында көпэтносты Алматы облысында «Достық үйін» салу жөнінде нақты тапсырма берген болатын.
Әкімнің мәліметінше, 2022–2025 жылдар аралығында Алматы облысына 3,7 триллион теңге инвестиция тартылып, жалпы құны 930,3 миллиард теңгені құрайтын 120 жоба іске қосылған. Нәтижесінде 14 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Ал «Ассамблея жастары» ұйымының облыстық төрағасы Вера Плетнева жаңа нысан жастардың бастамаларын жүзеге асыруға және этносаралық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретінін айтты.
Екі қабатты ғимараттың құрылысы үш айға жоспарланған. Жоба жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Жаңа «Достық үйі» қоғамдық келісім мен ел бірлігінің символына айналып, өңірдегі этномәдени ұйымдардың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды.