Live

Каспийдегі итбалықтардың қырылуы: экологтар су сынамасының нәтижесін жариялады

Маңғыстау облысының экологтары Түпқараған ауданында Қызыл кітапқа енген итбалықтардың жаппай қырылуына қатысты пікір білдірді.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл туралы Lada.kz хабарлады.

Теңіз сүтқоректілерінің өлекселері табылғаннан кейін облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары оқиға орнына жедел барған. 13 мамыр күні мамандар су айдыны уланған болуы мүмкін деген нұсқаны тексеру үшін теңіз суынан сынама алған.

Маңғыстау облыстық экология департаментінің мәліметінше, химиялық талдау нәтижесінде теңіз суының құрамынан ластаушы заттар анықталмаған.

«Химиялық талдау қорытындысы бойынша теңіз суының құрамынан ластаушы заттар табылған жоқ», — деп хабарлады ведомство 19 мамыр күні.

Еске салсақ, 10–11 мамыр аралығында Баутино ауылы маңындағы жағалаудан 37 итбалық өлексесі табылған болатын.

Бұған дейін мамандар жануарлардың қырылуына табиғи іріктеу себеп болуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Қазіргі уақытта зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі