Гренландия тұрғындары АҚШ-қа қарсы наразылыққа шықты
Гренландия астанасы Нуукта АҚШ-тың аралдағы ықпалының күшеюіне қарсы жаппай наразылық акциялары өтті. Бұған жаңа америкалық консулдықтың ашылуы мен Дональд Трамп командасы өкілдерінің мәлімдемелері себеп болған.
Жүздеген тұрғын парламент ғимаратының алдына жиналып, қолдарына ұлттық тулары мен «Stop USA» деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Кейін наразылық білдірушілер АҚШ-тың жаңа консулдығы орналасқан ғимаратқа барып, «Go home» деп ұрандатқан.
Тұрғындардың наразылығын АҚШ-тың арнайы өкілі Джефф Лэндридің Нуукке америкалық делегациямен келуі де күшейткен. Сапар барысында ол «АҚШ-тың Гренландиядағы қатысуын қайта күшейтетін уақыт келді» деп мәлімдеген.
Ал Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен АҚШ консулдығының ресми ашылу рәсіміне қатысудан бас тартты. Сонымен қатар ол аралдың сатылмайтынын тағы да атап өтіп, АҚШ-пен ынтымақтастық мәселесін талқылауға дайын екенін жеткізді.
Тұрғындардың басты мақсаты – Гренландияның болашағын гренландиялықтардың өзі шешуі тиіс екенін әлемге көрсету екенін айтты. Оның сөзінше, акция нақты саясаткерлерге қарсы емес, аралдың тәуелсіздігі мен демократиясын қорғауға бағытталған.
Соңғы айларда Дональд Трамп Гренландияның АҚШ үшін стратегиялық маңызы бар екенін бірнеше рет мәлімдеген. Вашингтонның қызығушылығы Арктика бағытындағы теңіз жолдарына, әскери инфрақұрылымға және аралдағы сирек кездесетін металл қорларына байланысты екені айтылып жүр.