Кәрім Мәсімовтың экс-күйеу баласы Қапенов Қырғызстанда жүр
Сотталған бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтың экс-күйеу баласы Азамат Қапеновке қатысты жаңа дерек шықты. Оны Қаржылық мониторинг агенттігі іздестіріп жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, Қапенов Қырғызстан аумағында табылған. Ол Бішкектен видео жариялап, қырғыз паспортын көрсеткен.
Қапеновтің айтуынша, ол Қырғыз КСР құрамындағы Пржевальск қаласында (қазіргі Қаракөл) дүниеге келген және әрдайым Қырғызстан азаматы болған. Ол паспортты 16 жасында алғанын айтады.
Бұған дейін ол Біріккен Араб Әмірліктерінде болған, кейін Қырғызстанға барғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта оны іздеу жалғасып жатыр, ал сот сырттай қамауға алу туралы санкция шығарған.
Айта кетейік, бұған дейін сот «Қазтеміртранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Қапеновке қатысты Достық станциясындағы терминалды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдаған.