Live

Шымкентте сегіз баланың анасы өрттен қаза тапты

Шымкентте жеке тұрғын үйде болған өрт салдарынан сегіз баланың анасы көз жұмды. 39 жастағы Марал Боранбаева ауыр күйік алып, ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Фото: Ұлыс Медиа

Бұл туралы " Ұлыс Медиа" жазды.

Марқұмның отбасы күнкөрісін көрпе-төсек пен матрас тігу арқылы тауып келген. Үй ауласында шағын өндірістік цех жұмыс істеген.

Куәгерлердің айтуынша, алдымен мақта тұтанып, артынша жалын бүкіл үйді шарпыған.

Марал Боранбаеваны құтқаруға күйеуі Айдос Боранбаев пен үлкен ұлы әрекет жасаған. Алайда олар әйелді ажалдан арашалап қала алмаған.

«Жұбайымды құтқара алмадым. Оттың ішіне кіріп, алып шығуға тырыстым, бірақ қолымнан келмеді. Әйелімнің денесінің 80 пайызы күйіп қалды», – дейді Айдос Боранбаев.

Көршілерінің сөзінше, жалын шарпыған үйден әйелді 17 жастағы ұлы алып шыққан. Жасөспірімнің өзі де күйік алған. Ал отбасының қалған жеті баласы үйден дер кезінде шығып үлгерген.

Полиция өрт фактісі бойынша қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

Қайғылы оқиғадан кейін отбасы баспанасыз әрі табыс көзінсіз қалған. Марқұмның күйеуі де аяғынан күйік алған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Шымкент өрт