Оқиғалар

Павлодарда оқушылар мен студенттерден ақша бопсалағандар ұсталды

Павлодар облысында құқық қорғау органдары жастар арасында ақша бопсалау фактілерін анықтап, жолын кесті.

Фото: Полиция

Polisia.kz мәліметінше, прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырылып жатқан «Саналы ұрпақ» жобасы аясында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері бірнеше қылмыстық әрекетті әшкерелеген.

Павлодар қаласында екі мектеп оқушысы қатарластарынан ақша талап етті деген күдікке ілінді. Тергеу деректеріне сәйкес, олар жәбірленушілерді бағалы заттарын ломбардқа өткізіп, түскен қаржыны өздеріне беруге мәжбүрлеген. Кей жағдайларда қысым көрсету үшін әшкерелейтін бейнематериалдарды пайдаланған.

Ал Екібастұзда колледждің кәмелетке толмаған студенті танысымен бірге 50 мың теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды. Күдіктілер жәбірленушіні көлікке отырғызып алып кетіп, оған күш көрсеткені айтылды.

Павлодар облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахмановтың сөзінше, аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалған.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары өзге де ықтимал қатысушыларды анықтап, қосымша эпизодтардың бар-жоғын тексеріп жатыр. Күдіктілер ақша алу кезінде қолға түскен.

Сайт Әкімшілігі