Live

ІІМ: Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жаңа деңгейге көтерілді

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыстық топтардың (ҰҚТ) әрекетіне тосқауыл қою және олардың заңсыз табыс көздерін жою бағытында жүйелі және мақсатты жұмыстар жүргізіп жатыр.

Бұл туралы ведомствоның алқа отырысында Ішкі істер министрі Ержан Саденов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, ел аумағында ұйымдасқан және трансұлттық сипаттағы қылмыстармен күреске ерекше назар аударылып отыр. Соңғы айларда жедел қызметтік бөліністердің әлеуеті күшейтіліп, криминалдық топтардың құрылымын анықтау және олардың заңсыз қызметін әшкерелеу бағытында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылған.

Министрліктің мәліметінше, ағымдағы жылы ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған жетекшілік ету деректері бойынша 70 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде 13-і трансұлттық қылмыстық топтармен байланысты. Қазірдің өзінде 248 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың заңсыз жолмен тапқан мүліктері мен банктік шоттарына тыйым салынды. Құқық қорғау органдары жүргізген тергеу және жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде бірқатар топтардың қаржылық арналарын, көлеңкелі бизнестерін және заңсыз айналымдағы активтерін анықтау мүмкін болған. Сонымен қатар, ұйымдасқан топтардың қызметін жасырып келген делдалдар мен ықпалды байланыстар да әшкереленіп жатыр.

ІІМ өкілдерінің айтуынша, қылмыстық құрылымдардың әрекеті көбіне контрабанда, есірткі айналымы, жер және мүлік нарығындағы заңсыз мәмілелер, қорқытып алу және ақша жылыстату сияқты бағыттарда байқалады. Осыған байланысты министрлік Қаржы мониторингі агенттігі, Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейткен.

Қазіргі уақытта министрлік қылмыстық табысты заңдастыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы жетілдіру, қылмыстық активтерді іздеу және тәркілеу механизмдерін күшейту бойынша ұсыныстар әзірлеп жатыр.

ІІМ басшылығының мәлімдеуінше, ұйымдасқан қылмыспен күрестің нәтижесі ретінде соңғы айларда бірқатар өңірде қорқытып алу, рейдерлік және заңсыз ойын бизнесі фактілері айтарлықтай азайған.

Сайт Әкімшілігі