Live

Алматыда самокат міну мәдениетіне қатысты ескерту жасалды

Алматы қаласының полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын электрлі самокаттарды пайдалану кезінде жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және жол қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: sxodim.com

Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, соңғы уақытта бір электрлі самокатқа екі немесе одан да көп адамның қатар мінуі, сондай-ақ онымен көлемді жүк тасымалдау жағдайлары жиілеп кеткен.

— Электрлі самокаттың құрылымы бір ғана адамды тасымалдауға арналған. Оған қосымша жолаушы мінгізу немесе көлемді жүк тиеу көлік құралының тепе-теңдігін бұзып, оны басқаруды қиындатады әрі құлау мен жол-көлік оқиғасына ұшырау қаупін бірнеше есе арттырады. Барша пайдаланушыны қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарап, Жол қозғалысы қағидаларын мүлтіксіз сақтауға шақырамыз. Бұл тек самокат жүргізушісінің ғана емес, айналасындағы басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты мәселе, – деді Әбдінұр Тасыбаев.

Полиция жол қозғалысы қағидаларын бұзу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

 

Сайт Әкімшілігі