«Бұл тұтас бір әулетті қырып салуға себеп пе?» Сотта туыстары Сәрсемалиевтің уәжін жоққа шығарды
Атырау облысында өтіп жатқан резонансты іс бойынша сот отырысында қаза тапқандардың туысы Шылмағамбетова куәлік беріп, айыпталушы Сұлтан Сарсемалиевтің айтқандарымен келіспейтінін мәлімдеді.
Оның сөзінше, күдік марқұм Наурыз Мұқанғалиевке тиесілі мал сатыла бастағаннан кейін пайда болған.
Шылмағамбетова ағасымен телефон арқылы байланыса алмағанын айтты. Себебі оның телефоны үнемі өшірулі тұрған. Алайда WhatsApp арқылы хабарламалар келіп отырған.
Туысының айтуынша, өткен жылдың қараша айынан бері Сұлтан Сарсемалиев өзін Наурыздың атынан көрсетіп, жақындарына хабарлама жазған. Онда қайын енесі Насип Өтешқалиеваның аяғы ауырып, емделу үшін Ташкентке алып кетіп бара жатқанын айтқан. Сондай-ақ ем-дом шығындарына байланысты отбасы мал сатып жатқанын жеткізген.
Адвокаттың сұрақтарына жауап берген Шылмағамбетова Ақбаян Мұқанғалиева ешқашан күйеуінен таяқ жегенін айтпағанын жеткізді.
— Мен одан: «Бесінші балаңа аяғың ауыр болса да, неге кетіп бара жатырсың?» деп сұрадым. Сонда ол Сұлтанның басқа әйелмен төсекте жатқан суретін көргеннен кейін ажырасуға шешім қабылдағанын айтты, — деді куәгер сотта.
Сондай-ақ ол айыпталушының Наурыз Мұқанғалиевтің өлімін «абайсызда болды» деген нұсқасымен келіспейтінін мәлімдеді.
— Наурыз өзі жанжал шығаратын адам емес еді, — деді ол.
Шылмағамбетова Сарсемалиевтің алдын ала тыңдауда жасаған мәлімдемесіне де тоқталды. Айыпталушы бұған дейін қылмысқа Ақбаянның туыстарының олардың отбасылық қарым-қатынасына араласуы себеп болды деп айтқан еді.
— Бұл тұтас бір әулетті қырып салуға себеп пе? — деді марқұмдардың туысы сотта.
Еске салайық, бұған дейін Сұлтан Сарсемалиев Мақсот Қарабалинге 9 рет, Насип Өтешқалиеваға 8 рет, ал Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ сұққанын мойындаған болатын. Ал Наурыз Мұқанғалиевтің өлімін «қасақана емес» деп атаған.