Бішкекте екі қазақстандық жалған доллар таратқаны үшін сотталды
Бішкек қаласында жалған долларды айналымға енгізумен айналысқан екі Қазақстан азаматына үкім шықты.
Бұл туралы Kaktus.media хабарлады.
Тергеу мәліметінше, Қазақстан азаматтары Е. мен Ж. 2023 жылдың желтоқсанында Бішкекте төрт жергілікті тұрғынға 100 долларлық купюралардан тұратын 70 мың жалған долларды өткізу үшін берген. Ал олар бұл ақшаларды банктер мен айырбастау пункттерінде аз мөлшермен айырбастап, шынайы ақшаға айналдырған. Жалған купюралардың бір бөлігі осылайша айналымға түсіп үлгерген.
Алайда қылмыстық схема құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмаған. Барлық қатысушылар ұсталып, іс сотқа жолданған.
Бішкектегі Первомай аудандық сотының үкімімен Қазақстан азаматы Е. «алдын ала сөз байласу арқылы ірі көлемде ақша мен бағалы қағаздарды қолдан жасау» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Амнистияға сәйкес, жаза мерзімі үштен біріне қысқартылды.
Оның сыбайласы Ж. да дәл осы бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды. Оның да жаза мерзімі амнистия негізінде қысқартылған.
Бұл іске қатысқан Қырғызстан азаматтары қылмысты жасыру бабы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 50 мың сом (шамамен 264 мың теңге) айыппұл салынды.
Сонымен қатар, Bishkek City Court шешімімен қазақстандықтар жазасын өтегеннен кейін ел аумағынан шығарылатын болды. Олар апелляция бергенімен, үкім өзгеріссіз қалды.