Кентауда түлектердің кортежі тоқтатылды: бірнеше жүргізуші жауапқа тартылды
Түркістан облысында мектеп бітірушілер ұйымдастырған автокортеж полицияның назарын аударды.
Әлеуметтік желілер мен бейнебақылау жазбаларын зерделеу барысында құқық қорғау органдары Кентау қаласында заңсыз автошерудің өткенін анықтаған.
Тексеру нәтижесінде бірнеше көлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны белгілі болды. Олардың қатарында BMW, Toyota, Mercedes-Benz, Changan, Chevrolet және Hyundai маркалы автокөліктердің иелері бар.
Полиция мәліметінше, жүргізушілер жолаушыларды тасымалдау талаптарын сақтамаған, қауіпсіздік белдіктерін тақпаған және жолда маневр жасау ережелерін бұзған. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, көліктер арнайы айыптұраққа қойылды.
Оқиғадан кейін тәртіп сақшылары түлектер мен олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қауіпсіздігін сақтаудың маңызын еске салды.