Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Қымбатты отандастар!
Қазақстан мұсылмандарын қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мейрам халқымыздың рухани өмірінде айрықша орын алады. Оны күллі ислам әлемі зор ықыласпен күтеді. Құрбан айт мейірім мен жанашырлыққа, адамгершілік тұрғысынан кемелденуге, өзара құрметке, сенім мен ынтымаққа үндейді.
Құрбан айттың қасиетті күндері бір-бірімізге қолдау көрсетудің, үлкенге құрмет білдірудің, елдің амандығы үшін ортақ жауапкершіліктің маңызын еске салады. Бұл – әділеттілікке, ізгі ниетке және гуманизмге негізделген ислам дінін терең түсініп, дұрыс ұғынатын кезең.
Исламның және басқа да дәстүрлі діндердің озық құндылықтары халқымыздың рухани дамуының, ұрпақтар сабақтастығының, қоғамдағы бірлік пен келісімнің берік негізі.
Баршамыз үшін елдің Тәуелсіздігі мен Егемендігінен асқан құндылық жоқ. Конституция – халқымыздың күнделікті тыныс-тіршілігінің айнасы, ұлттық болмысымыздың өзегі. Сондықтан ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау – мемлекеттік саясаттың мызғымас басымдығы әрі аса маңызды конституциялық міндет.
Елдегі тұрақтылық пен татулықты көздің қарашығындай сақтау – әрбір жауапты азаматтың парызы. Жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде бұл – Отанымыздың өсіп-өркендеуінің басты негізі, Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстан құрудың негізгі шарты.
Біздің басты күшіміз – бірлік пен жасампаз отаншылдық екеніне сенімдімін.
Барша отандастарыма зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Құрбан айт құтты болсын!» дейді президент құттықтауында.