Оқиғалар

Алматыда күдікті ер адамнан есірткіге ұқсас зат салынған түйіншектер табылды

Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы жеке тұрғын үй секторында күдікті ер адам ұсталды. Бұл туралы Алматы полициясы хабарлады.

Фото: Полиция

Оқиға «102» арнасына тұрғындардан түскен хабарламадан кейін белгілі болған. Олардың айтуынша, белгісіз азамат көшелерді аралап, есірткі жасырған немесе оны іздеп жүрген болуы мүмкін.

Хабарлама бойынша оқиға орнына бірден «Боран-813» экипажы жіберілді. Осы уақытқа дейін қырағылық танытқан жергілікті тұрғындардың бірі күдіктіні өз күшімен ұстап, полиция қызметкерлеріне тапсырған.

Тергеу-жедел тобы жүргізген жеке тінту барысында күдіктінің жанынан ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше түйіншек табылды.

Ұсталған азамат Алматы қаласының 33 жастағы жұмыссыз тұрғыны. Алдын ала мәлімет бойынша, ол есірткі тұтынатынын айтып, «жылдамдық» деп аталатын синтетикалық есірткінің жасырылған орнын іздеп жүргенін мәлімдеген.

Тәркіленген түйіншектердің нақты құрамын және олардың қандай зат екенін сот-химиялық сараптама анықтайды.

Сайт Әкімшілігі