Live

Мәжіліс депутаты Шайдоровқа жалақының кешіктірілуі туралы: Кінәлілер жазалануы керек

Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан алғашқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров бірнеше ай бойы жалақы алмаған жағдай бойынша тәртіп орнатып, кінәлілерді жазалау қажет.

Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов осылай мәлімдеді.

«Шын мәнінде, кез келген спорттық жетістік – ең алдымен мемлекеттің имиджі. Спорттың қалай қолдау табатынына, спортшыларымыздың қалай өнер көрсететініне қарап, елдің қаншалықты дамып жатқанын, халықаралық имиджін қалыптастыруға қаншалықты дайын екенін бағалауға болады. Әсіресе бұл мәселе Олимпиада ойындарына қатысты болып отыр. Спортшыларды даярлауға қанша қаражат бөлінетіні туралы түрлі материалдар көп жарияланды. Менің ойымша, бұл салада нақты тәртіп орнату қажет», – деді Рахымжанов бейсенбі күні мәжіліс кулуарында.

Депутаттың айтуынша, спортшыларды және Олимпиада резервін даярлауға бөлінетін қаражат барынша ашық әрі есеп беруге міндетті болуы тиіс.

«Егер спортшы жалақысынан айырылып жатқанын немесе қандай да бір қысқарту болғанын айтса, ол мұны жайдан-жай айтпайды. Өйткені біздің түсінігімізде спортшылар – ар-намысты жоғары қоятын адамдар. Сондықтан дәлелсіз, негізсіз әңгіме айтпайды. Сол себепті бұл мәселені мұқият зерттеу қажет. Ал кінәлілер міндетті түрде жазалануы керек. Елде спортшыларды даярлау немесе спорт клубтарын, футбол клубтарын қаржыландыру саласында жемқорлық бар екені ешкімге құпия емес. Сондықтан бұл мәселе ел басшылығының ерекше бақылауында болуы тиіс», – деп атап өтті Рахымжанов.

Айта кетейік, Шайдоров жақында берген сұхбатында 5 айдан бері жалақы алмағанын айтқан болатын.

Сайт Әкімшілігі