Атырау прокуратурасы: Ақбаян Мұқанғалиеваға әрі қарай бақылауда болу ұсынылды
Төрт адамды өлтіру ісі бойынша айыпталып жатқан Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева Алматы қаласында стационарлық кешенді психологиялық-психиатриялық сараптамадан өтті. Атырау облысының прокуратурасы сараптама қорытындысын жариялап, оған қатысты тергеудің қазіргі жай-күйі туралы мәлімет берді.
Ақбаян Мұқанғалиеваның есімі Жангелдин ауылында төрт адамның қазасына қатысты өтіп жатқан сот процесінде бірнеше рет аталған болатын. Ол – осы іс бойынша айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы жұбайы әрі балаларының анасы.
Прокуратура Алматыда жүргізілген стационарлық кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Ақбаян Мұқанғалиеваға дәрігерлердің одан әрі динамикалық бақылау мен қосымша диагностикалық тексеру қажет деген ұсыныс берген.
– Алматы қаласында жүргізілген стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиева динамикалық бақылау мен дифференциалды диагностикадан өтуі қажет, – деп мәлімдеді қадағалаушы орган.
Прокуратура оның процессуалдық мәртебесіне де тоқталды. Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 27 сәуірде Мұқанғалиеваға қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («Адам өлтіру») бойынша қозғалған қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Алайда оған қатысты тергеу толық аяқталған жоқ. Негізгі қылмыстық істен Қылмыстық кодекстің 434-бабы («Қылмыс туралы хабарламау») бойынша жеке іс бөлініп шығарылған.
Прокуратураның айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға әлі берілген жоқ. Сондай-ақ оған қатысты қандай да бір бұлтартпау шарасы қолданылмаған.
– Қылмыстық қудалау органы істің мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті зерттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Тергеу әрекеттерінің нәтижесіне қарай түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады, – делінген прокуратура жауабында.
Сонымен қатар ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарының өзге мәліметтері тергеу мүддесіне байланысты жариялауға болмайды.
Еске салсақ, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты іс қаралып жатыр. Ол бұрынғы жұбайының төрт туысын өлтірді деп айыпталуда. Сот барысында Ақбаян Мұқанғалиеваның есімі қанды оқиғаға дейінгі және одан кейінгі жағдайларға байланысты бірнеше рет аталды.