Live

Қазақстан мен Ресей шекарасында белгісіз дрондар байқалды

Батыс Қазақстан облысында куәгерлер «Сырым» шекара бекетінің маңында белгісіз дрондар ұшып жүргенін айтты.

Фото: Sofiia Gatilova/REUTERS

 Олардың сөзінше, бұл жағдай қатарынан екінші түн қайталанған.

Бұл туралы «Уральская неделя» басылымы хабарлады.

Куәгерлердің айтуынша, шамамен онға жуық дрон байқалған.

«Самара облысы жақтан ұшып келеді. Он шақты дрон. Олар өткізу бекеті мен шекара заставасының үстінде айналып жүрді. Мұндайды бірінші рет көріп отырған жоқпыз. Біздің шекарашылардың өзі олардың кімге тиесілі екенін, не мақсатта жүргенін білмейді», — деді куәгер басылымға.

Редакцияға сондай-ақ оқырман жіберген видео түскен. Онда ұшып бара жатқан белгісіз нысандар көрінеді делінген.

Басылым бұл ақпарат бойынша Қазақстан Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдағанын хабарлады.

Алайда материал жарияланған сәтте ведомство тарапынан ресми түсініктеме берілмеген.

«Сырым» өткізу пункті Батыс Қазақстан облысында, Ресеймен шекарада орналасқан.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: БҚО дрон