Белгілі режиссер Ардақ Әмірқұлов өмірден өтті
Қазақстанның көрнекті кинорежиссері Ардақ Әмірқұлов дүниеден өтті. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жеткізді.
Ардақ Жамансарыұлы бүкіл саналы ғұмырын ұлттық кино өнерін дамытуға арнап, қазақ кинематографиясының қалыптасуы мен өркендеуіне зор үлес қосты. Ол режиссер ғана емес, бірнеше буын киногердің кәсіби қалыптасуына ықпал еткен білікті ұстаз әрі тәлімгер ретінде де танылды.
Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» және басқа да туындылары қазақ киносының алтын қорына енді.
Оның шығармалары ел тарихын, ұлттық рухани құндылықтарды және адам тағдырын терең суреттеуімен ерекшеленіп, көрермендер мен кино мамандарының жоғары бағасына ие болды.