Live

Алматы облысында 12 жастағы баланы көлік қағып кетті: рөлде жасөспірім болған

Алматы облысында 12 жастағы баланы көлік қағып кетті. Полиция мәліметінше, көлік тізгінінде кәмелетке толмаған жасөспірім болған.

Фото: скриншот

Оқиға Түрген ауылында болған. Бұл туралы Astana TV хабарлады.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, көлік ішінде 11-сыныптың бес оқушысы отырған. Жарияланған видеода жасөспірімдердің зардап шеккен баланы мектеп жағына алып кеткені көрінеді. Сондай-ақ оқиғаға қатысушылардың бірі көлікті жасыру үшін оқиға орнынан кетіп қалғаны айтылған.

Жарақат алған баланың туыстары жол апатынан кейін оны шамамен 30–40 минут бойы ұстап отырғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, жасөспірімдер балаға қоқан-лоқы жасап, болған жайтты ешкімге айтпауын талап еткен.

Кейін олар баланы мектепке апарып, мұғалімге оны мопед қағып кеткенін айтқан.

Алматы облыстық полиция департаменті оқиға туралы хабар түскеннен кейін күдікті жүргізушіні анықтау және ұстау шаралары жедел жүргізілгенін хабарлады.

Полицияның мәліметінше, кәмелетке толмаған жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылған. Оның ата-анасына қатысты да екі бап бойынша шара қолданылған.

Қалған қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға тергеу аясында беріледі.

«Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Медициналық қорытынды мен зардап шеккен баланың ауруханадан шығуы туралы анықтама алынғаннан кейін, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», — деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ернар Сайдильдин.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жол апаты