Қостанайда студенттерге діни экстремизмге қарсы профилактикалық дәріс өткізілді
Қостанай облысында дін саласындағы түсіндіру жұмыстары мен экстремизмге қарсы іс-қимыл шаралары біріктіріліп, ҚИнЭУ студенттері үшін арнайы кездесу ұйымдастырылды.
Кіріспеде сарапшылар дін саласы мен қоғамдық қауіпсіздік арасындағы байланысты атап өтіп, жастарды дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету арқылы радикалды идеологияның алдын алудың маңызын ерекше айтты.
Қостанай облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы, облыс әкімдігі жанындағы діни мәселелерді зерттеу орталығы және ҰҚКД Антитеррорлық орталығымен бірлесіп өткізген кездесуде студенттерге террористік сипаттағы қауіп-қатерлер туындаған жағдайда әрекет ету алгоритмдері түсіндірілді. Сонымен қатар көрінеу жалған ақпарат таратқан үшін заң жүзінде көзделген жауапкершілік пен алдын алу шаралары қарастырылды.
«Антитеррористік мінез-құлықты қалыптастыру, яғни қауіп-қатерлерге дұрыс әрекет ету, күдікті адамдар мен заттарды назардан тыс қалдырмау және қажет болған жағдайда көмек көрсете білу — оқу орындарындағы балалар қауіпсіздігінің маңызды шарты», - деді ПД ЭҚІҚБ қызметкері Амангелді Бапинов.
Облыс әкімдігі дін істері басқармасының “Діни мәселелерді зерттеу орталығы” КММ бөлім басшысы Екатерина Балашова интернет кеңістігінде вербовка жасау әдістері туралы ақпарат беріп, студенттер мен оқытушыларға көрнекі бейнематериалдар көрсетті.
Іс-шараның мақсаты — жастар арасында дін мен қауіпсіздікке қатысты дұрыс түсінік қалыптастыру, экстремизм мен радикалды идеологияның алдын алу.