Қоғам

Аида Балаева журналисттерді Құрылтай депутаттарына буллинг жасамауға шақырды

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева соңғы күндері Құрылтай депутаттарына қатысты айтылып жүрген пікірлерге байланысты журналистерді кәсіби әдеп нормаларын сақтауға шақырды.

Фото: ашық дереккөз

Министрдің айтуынша, депутаттардың тұрғын үй мәселесіне қатысты талқылаулар барысында кейбір жарияланымдар мен пікірлер сын шеңберінен шығып, жеке басқа тиісу мен буллингке ұласқан.

«Соңғы күндері бірқатар Құрылтай депутаттарына қатысты, соның ішінде тұрғын үй мәселесіне байланысты түрлі инсинуациялар мен орынсыз пікірлердің буллингке ұласып жатқанын байқауға болады», – деп жазды Аида Балаева.

Ол сондай-ақ медиасала қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету тәртібіне тоқталды. Министрдің мәліметінше, бұрын журналистерге пәтер редакциялар қалыптастырған тізім бойынша берілген. Кейін бұл тәртіп өзгеріп, қазір баспана салалық талаптарға сәйкес және жеке меншігінде тұрғын үйі жоқ қызметкерлерге ұсынылады.

Аида Балаева мемлекеттік органдар мен Құрылтай депутаттары қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарын қызықтыратын мәселелер бойынша мүмкіндігінше ашық түсініктеме беріп отыруы қажет екенін атап өтті.

Сонымен бірге министр журналистердің де жауапкершілігі бар екенін еске салды. Оның сөзінше, кәсіби қызмет барысында қысым көрсетуге, жеке басқа өтуге, ақпаратты манипуляциялауға немесе оқырман назарын аудару үшін арандатушылық тақырыптарға жүгінуге болмайды.

«Қудалау, жеке басқа өту, манипуляция жасау, қызыл тақырыптар үшін арандату кәсіби журналистің абыройын арттырмайды», – деді министр.

Балаева кәсіби әдеп талаптарын сақтау «Масс-медиа туралы» заңда журналистің міндеттерінің бірі ретінде белгіленгенін де атап өтті.

Сайт Әкімшілігі