Руханият

Елімізде Қазақ тазысы мен төбеті күні алғаш рет аталып өтіп жатыр

Бүгін Қазақстанда Қазақ тазысы мен төбеті күні алғаш рет атап өтілуде. Ұлттық мереке ғасырлар бойы қазақ тұрмысымен біте қайнасқан тазы мен төбеттің мәдени және тарихи маңызын дәріптеуге бағытталған.

Фото: ашвқ дереккөз

Құмай тазы қазақ халқының дәстүрінде жеті қазынаның бірі саналады. Ептілігімен, жүйріктігімен және иесіне деген адалдығымен ерекшеленетін бұл ит тұқымы Ұлы даладағы көшпенділер өмірінің ажырамас бөлігі болған.

Соңғы жылдары қазақы ит тұқымдарын сақтау және дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайтуға қатысты заң қабылданып, Қазақстан Халықаралық кинология федерациясына мүше болды.

2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалды. Сонымен қатар Қазақстан осы тұқымның шыққан жері ретінде ресми түрде бекітілді.

Бүгінде қазақ тазылары халықаралық көрмелерде жүлделі орындарға ие болып жүр. Асыл тұқымды иттерді көбейту ісі де қарқын алып, тазы асыраушылардың қатары артып келеді. Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы да аяқталуға жақын.

Қазақ тазысы мен төбеті күнінің белгіленуі – ұлттық мұраны сақтап қана қоймай, оны халықаралық деңгейде танытуға жасалған маңызды қадам. Бұл бастама ата-баба дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізуге де мүмкіндік береді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: тазы ит мереке