Live

Репродуктивті денсаулық апталығы басталды

Ақтөбе облысында халықтың денсаулық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды іс-шара – Репродуктивті денсаулық апталығы бастау алды.

Фото: gov.kz

Бұл шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен еліміздің барлық өңірлерінде екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Апталықтың басты мақсаты – қоғамда репродуктивті денсаулық мәселесіне деген жауапкершілікті күшейту, кәмелетке толмағандар арасындағы жоспарланбаған жүктіліктің, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, сондай-ақ отбасы құндылықтарын насихаттау.

Ақтөбе облысында өтетін бір апталық шаралар легі өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында таныстырылды. Жиын барысында облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Маржан Қорғанбаева, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау және білім басқармаларының өкілдері апталықтың мазмұны мен маңыздылығы жайлы айтып өтті.

Апталық аясында Ақтөбе қаласындағы 4 Жастар денсаулық орталығында және аудандық ауруханалар жанынан құрылған орталықтарда ашық есік күндері ұйымдастырылды. Бұл күндері кез келген тұрғын арнайы мамандардың қабылдауына жазылып, тегін кеңес алып, репродуктивті денсаулық жағдайын тексеруден өткізіп, қажет болған жағдайда емдік шаралар қабылдай алады.

Сонымен қатар апталық барысында түрлі дәрістер, онлайн және офлайн семинарлар, тренингтер өткізіледі. Бұл кездесулерге білім беру ұйымдарының қызметкерлері, ата-аналар және жастар белсенді қатысады. Шара барысында қатысушыларға жыныстық тәрбиенің маңызы, қауіпсіз мінез-құлық, отбасын жоспарлау, бедеуліктің алдын алу, контрацепция әдістері сынды өзекті тақырыптар түсіндіріледі.

Айта кету керек, өңірдің барлық емханаларында жыл бойы Жастар денсаулық орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтар 10-18 жас аралығындағы жасөспірімдер мен 18-29 жас аралығындағы жастарға бағытталған медициналық, психологиялық және әлеуметтік қызметтерді көрсетеді. Мұнда келушілер құпиялылық қағидаты негізінде білікті көмек ала алады. Орталықтардың жұмысы жастардың денсаулығын нығайтып, жауапты шешім қабылдай алуына жағдай жасауға бағытталған.

Репродуктивті денсаулық апталығы – бұл тек медициналық емес, әлеуметтік және тәрбиелік мәні зор іс-шара. Ол әр азаматтың, әсіресе өсіп келе жатқан ұрпақтың болашағы үшін маңызды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Ақтөбе