Live

Ассамблея әсері: Қызылордада «Сыр елі – бейбітшілік пен келісім мекені» атты жоба іске асты

Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан «Сыр елі – бейбітшілік пен келісім мекені» атты ауқымды жоба аясында аймақтың түрлі елді мекендеріне бағытталған мәдени-көпшілік іс-шаралар жалғасын табуда.

Фото: БАҚ

Солардың бірі – ауылдық жерлерге арнайы ұйымдастырылған көш керуенінің келесі аялдамасы жергілікті тұрғындар үшін ерекше қуаныш пен ұмытылмас әсерге толы күнге айналды.

Бұл күн — ауыл жұртшылығы үшін ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, рухани байлықты дәріптеген айтулы мерекеге айналды. Көш керуенімен бірге келген шығармашылық топ ауыл орталығында кең көлемдегі концерттік бағдарлама ұйымдастырып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Мәдени шара аясында сахна төрінде халқымыздың бай мұрасын, дәстүрін және өнерін паш еткен түрлі этнос өкілдерінің өнері көрсетілді.

«Бірлік пен келісімнің 30 жылы» тақырыбымен өткен мерекелік кеште Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдар өзара ынтымақтастықтың, достық пен бейбіт өмірдің символына айналған өнерлерін ортаға салды. Әуезді әндер мен мың бұралған билер арқылы сахнадан татулық пен бірліктің рухы сезілді. Бұл – әртүрлі этностардың бейбіт қатар өмір сүріп жатқанын, бір мақсат, бір мүдде жолында жұмылып еңбек етіп келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеген кеш болды.

Концерттің шымылдығын «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері ашып, ел бірлігін, қоғам татулығын дәріптейтін өнерлерін паш етті. 50-ден астам жас сахнада ән шырқап, би билеп, ұлттық және заманауи элементтерді үйлестірген көріністер қойып, көрерменнің көңілінен шықты. Жастардың жалынды рухы мен өнерге деген махаббаты ауыл тұрғындарына ерекше әсер етті, олардың бойына жігер, ал жүректеріне жылылық ұялатты.

Кеш барысында БАҚ өкілдері арасында өткен «TWO STARS» ән-шоу байқауының бас жүлдегерлері – Талант Айымбетов пен Аружан Саруарбек те өз өнерлерін паш етіп, көрерменнің зор қошеметіне ие болды. Бұл жоба – журналистердің шығармашылық әлеуетін танытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, ел ішіндегі мәдени байланысты арттыруда да маңызды рөл атқаруда.

Сахнада қойылған әрбір өнер туындысы, орындалған ән мен би – ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімнің нақты көрінісіне айналды. Мерекелік бағдарлама тек көңіл көтеру мақсатында ғана емес, ұлттық бірлікті насихаттап, этносаралық өзара құрмет пен достықты дәріптейтін рухани көпір болды.

Мұндай шаралардың маңыздылығы – ауыл тұрғындарын рухани тұрғыда байытып, ұлт пен ұлыс арасындағы сыйластықты күшейтуінде жатыр. Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан көпұлтты Қазақстанның басты байлығы – ел ішіндегі ынтымақ пен келісім екенін тағы бір мәрте дәлелдеген бұл мәдени іс-шара әрбір көрерменнің жүрегінде жылы әсер қалдырды.

Сайт Әкімшілігі