Франциядағы аптап ыстықтан 18 адам көз жұмды
Францияда аптап ыстық салдарынан кемінде 18 адам қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында екі және төрт жастағы балалар да бар.
Жергілікті биліктің мәліметінше, қайғылы оқиға елдің оңтүстік-шығысындағы Карпантра қаласында болған.
Балалар аптап ыстықта көліктің ішінде қалып қойған. Оларды анасы үй маңында тұрған көліктен ес-түссіз күйде тапқанымен, дәрігерлер өмірлерін сақтап қала алмады.
Аптап ыстықтың тағы бір салдары ретінде елде суға кету оқиғалары да күрт көбейген. Соңғы бір тәуліктің өзінде Францияда 13 адамның суға кеткені тіркелді.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар ыстықтан қорғану үшін өзен-көлдер мен жағажайларға жиі бара бастаған. Соның салдарынан жазатайым оқиғалар саны артқан. Былтыр Францияда аптап ыстық кезеңдерінде суға кету фактілері 172 пайызға көбейген.