Атырауда ер адамды қол-аяғынан көтеріп алып кеткен полицияның әрекеті талқыға түсті
Атырауда полицейлердің ер адамды қол-аяғынан көтеріп алып бара жатқан видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланды.
Көпшілік мұндай әрекетті азаматтың ар-намысын қорлайтын тәсіл деп бағалады. Алайда Атырау облыстық полиция департаменті қызметкерлердің басқа амалы болмағанын мәлімдеді.
Полицияның мәліметінше, 20 шілде күні отбасылық жанжал туралы шақырту түскен. Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары екі ер адамның жанжал шығарып жатқанын анықтаған.
Ведомствоның айтуынша, патруль келгеннен кейін олар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсеткен. Ер адамдардың бірі медициналық куәландырудан өту үшін облыстық психикалық денсаулық және наркология орталығына жеткізілген. Алайда ол өздігінен жүре алмайтын жағдайда болғандықтан, полицейлер оны қол-аяғынан көтеріп алып барған.
Сот шешімімен ер адамдардың біріне 5 тәулік, ал көтеріп апарылған азаматқа 15 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.