Қоғам

«Ақшаны жай ұстап отыруға қарсымын»: Тоқаев Ұлттық қор туралы

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор қаражатын Қазақстандағы әлеуметтік нысандардың құрылысын қаржыландыруға бағыттауға дайын екенін айтты.

Фото: Ақорда

Президенттің пікірінше, қордағы қаражат шетелдік бағалы қағаздарда жай ғана сақталып қоймай, халықтың игілігіне қызмет етуі керек.

«Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын», - деді президент.

«Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз», - деп қосты Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанды, ең алдымен әлеуметтік нысандар салу арқылы, «үлкен құрылыс алаңына» айналдыру қажет екенін атап өтті.

Сайт Әкімшілігі