Live

«Sanzhar Rulit» автосалонының менеджері клиентті алдап, 6 жылға сотталды

Алматыдағы «Sanzhar Rulit» автосалонында жұмыс істеген менеджер клиентті шамамен 17 млн теңгеге алдап, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Фото: ашық дереккөз

Бұл ақпаратты журналист Михаил Козачков Facebook желісінде жазды.

Жетісу аудандық №2 сотында жақында 30 жастағы Назерке Қарабековаға қатысты үкім оқылды. Ол Алматыдағы қытай автокөліктерін жеткізумен айналысатын автосалондардың бірінде сату менеджері болып жұмыс істеген. Тергеу нұсқасы бойынша, ол автокөлік сатамын деп клиенттерді алдаған.

Оқиға өткен жылдың қазан айында болған. Ерлі-зайыпты жұп «Sanzhar Rulit» автосалонына гибрид көлік сатып алу үшін келген. Автосалон иесі Абдаллах-Санжар Асқаров олармен өзі сөйлесіп, 500 мың теңге жеңілдік жасап, құжаттарды рәсімдеуді менеджерге тапсырған.

Қарабекова келісімшарт дайындап, кейін клиенттерге 7 млн 500 мың теңгені компания шотына емес, өзінің танысының есепшотына аударуды сұраған. Біраз уақыттан кейін тағы 7 млн 400 мың теңге, кейін тағы 2 млн теңге аудартқан. Осылайша ерлі-зайыпты «Deepal» көлігі үшін жалпы 16 млн 900 мың теңге төлеген. Көлікті 2025 жылдың соңына дейін жеткіземін деп уәде берген.

Алайда көлік клиенттерге жеткізілмеген. Біраз уақыт өткен соң олар алданғандарын түсініп, ақшасын қайтаруды талап еткен. Сол кезде құжаттардағы автосалон басшысының қолы мен мөрі жалған екені анықталған.

Жәбірленушілер полицияға жүгініп, қылмыстық іс қозғалған. Сотта Назерке Қарабекова кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, көлікті әріптесі әкеліп беруге тиіс болған, сол себепті ақшаны соған бергенін айтқан. Ал автосалон бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Алайда сотта бұл нұсқа расталмады – 17 млн теңгенің басқа біреуге берілгені дәлелденбеген. Нәтижесінде сот Қарабекованы алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сайт Әкімшілігі