Live

Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне «Халық қаһарманы» атағын берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагері Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын берді.

Фото: Ақорда

«Мемлекет басшысының жарлығымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Кенжебай Мәденұлына айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен “Отан” орденін тапсыра отырып, “Халық қаһарманы” атағы берілді (қайтыс болғаннан кейін)», – делінген хабарламада.

Кенжебай Мәденов — Ұлы Отан соғысының қатысушысы, қазақ офицері, Қызыл армияның лейтенанты. Ол 1945 жылдың сәуірінде Берлинді шабуылдау операциясына қатысып, шешуші шайқастарда ерекше ерлік көрсеткендердің бірі болған.

Кенжебай Мәденов майданға 1943 жылдың қарашасында шақырылған. Қызметінің алғашқы айларында жараланып, емделгеннен кейін қайта сапқа оралған. Екінші рет Берлин үшін шайқастар кезінде жарақат алған. Соған қарамастан, небәрі 20 жасында атқыштар взводын басқарып, негізгі шабуыл операцияларына қатысқан.

Кенжебай Мәденовтің майдан жолы Дон, Донбасс, Днепр, Буг, Бессарабия, Висла, Одер бағыттары арқылы өтіп, Берлинде аяқталған. Берлин үшін шайқас кезінде оның бөлімшесі кескілескен көше ұрыстарына қатысқан.

Мәденовтің естеліктеріне сәйкес, оның взводы алғашқылардың бірі болып Берлин ратушасының ғимаратына жеткен. Қатты атыс пен қоян-қолтық ұрыс жағдайында сарбаздар ғимарат ішіне басып кірген. Кейін ол күмбезге көтеріліп, нацистік Германияны жеңудің символына айналған қызыл туды тіккен.

Соғыстан кейін Кенжебай Мәденов қызметін жалғастырып, Гурьев облысында мемлекеттік қауіпсіздік органдарында жұмыс істеген.

Сайт Әкімшілігі