Қазақстан халқы Ассамблеясы татулықты насихаттайтын көш керуенін Қармақшыға жеткізді
Қызылорда облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Сыр елі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясындағы көш керуені ІІІ Интернационал ауылына келіп жетті.
Бұл жолғы іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылып, «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» деген атаумен өтті.
Көш керуенінің құрамында облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы, Аналар мен Ақсақалдар кеңесі, Этномедиация кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері болды. Шара барысында ауылдағы тарихи орындармен танысу, қоғамдық қабылдау, жастармен кездесулер және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Бағдарлама Цай Ден Хак атындағы музейден басталды. Бұл нысан – түрлі этнос өкілдерінің елге сіңірген еңбегінің айғағы. Одан кейін Ақсақалдар кеңесінің жиыны өтіп, ұлттық құндылықтар мен жас буынды тәрбиелеу жолдары талқыланды. Ассамблея жастары аудан жастарын біріктіріп, интеллектуалды ойындар арқылы пікір алмасуға мүмкіндік жасады. Ал ақпараттық-түсіндіру тобы ауыл халқымен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында ашық кездесу өткізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Бұл шара – Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы нақты қадамы. Көш керуені өзге де аудандарда жалғасады деп жоспарлануда.