ҰҚК Аблязовпен байланысы аталған бельгиялық кәсіпкерге іздеу жариялады
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бельгиялық кәсіпкер Фрэнк Джозеф Монстрейге іздеу жариялады.
Бұл туралы мәлімет Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында пайда болды.
Мәліметке сәйкес, іздеу ісі Астанада тіркелген. Іздеудің бастамашысы – ҰҚК. Алайда кәсіпкердің нақты қандай іс бойынша ізделіп жатқаны әзірге жарияланған жоқ.
Ашық деректерде Фрэнк Монстрей бельгиялық кәсіпкер әрі инвестор ретінде сипатталады. Ол 2000 жылдары Қазақстандағы мұнай-газ секторында белсенді жұмыс істеген. Оның ең ірі жобаларының бірі – Nostrum Oil & Gas компаниясы болған. Компания бұрын Zhaikmunai атауымен белгілі еді.
Монстрейдің аты бұған дейін де қашқын банкир Мұхтар Әблязов пен БТА банкіне қатысты халықаралық даулар аясында аталған.
2017 жылы Лондонның Жоғарғы соты Монстрейге байланысты құрылымдардың акцияларымен операция жасауға шектеу қойған. Бұл БТА банкінің Аблязов пен өзге тұлғаларға қарсы талаптары негізінде қаралған істермен байланысты болған. Кейін тараптар келісімге келіп, Монстрейге қатысы бар құрылымдар компаниядағы үлесінің бір бөлігін сатқан.
Сондай-ақ 2018 жылы жариялаған зерттеуде Монстрейге қатысы болуы мүмкін 440 миллион долларлық қаржы туралы айтылған. Журналистердің мәліметінше, бұл қаражат офшорлық компаниялар арқылы өтіп, БТА банкі ісіндегі күрделі қаржылық схемалармен байланысты болуы ықтимал болған.
Ал Монстрейдің өзі бұған дейін журналистерге берген пікірлерінде өзін Әблязовтың «номиналы» болмағанын айтып, бұл дауды бұрынғы бизнес қарым-қатынастарынан туған қарыз мәселесімен байланыстырған.