Live

Блогер Эльмира Төлегенова сотта кінәсін ішінара мойындады

Астанада блогерлер Эльмира Төлегенова мен Ерболат Жанәбіловке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста Төлегенова өзіне тағылған айыптардың бір бөлігін мойындады.

Фото: ашық дереккөз

Сот барысында айыпталушының адвокаты Ғауһар Айтжанова оның ұстанымын нақтылап, айыптарды мойындай ма деген сұрақ қойған. Төлегенова заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты эпизод бойынша заң бұзушылық болғанын түсінетінін айтты.

«Қазіргі таңда біз заңды бұзғанымызды түсінемін және оны мойындаймын. Бұл жерде тұру маған оңай емес, бірақ жауапкершілікті көтеруге дайынбыз», – деді ол.

Сонымен қатар, ол ақшаны заңдастыру (жылыстату) бабымен тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. Айтуынша, бұл қаражат компания ішіндегі есепшоттар арасында ғана қозғалған, ешқайда шығарылмаған.

Төлегенова өзіне бұл айыптың қандай негізде тағылғанын түсінбейтінін айтып, бұл бап «ауырлату үшін қолданылғандай әсер қалдырады» деп мәлімдеді.

Сотта ол эмоциялық күйінің ауыр екенін де жасырмады. Оның сөзінше, болып жатқан жағдай психикалық және моральдық тұрғыдан қатты әсер етуде.

«Бұл жағдай менің психологиялық жағдайыма қатты әсер етіп жатыр. Көп сұрақ туындайды. Неліктен дәл осы баппен айып тағылып отырғанын түсінбеймін», – деді ол.

Айыпталушы тергеумен ынтымақтасқанын және ешқандай ақпаратты жасырмағанын да атап өтті. Сөз соңында соттан істі объективті қарауды сұрады.

Айта кетейік, бұған дейінгі отырыста блогер Ерболат Жанәбілов те сотта жылап, кінәсін ішінара мойындаған болатын.

Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы («Заңсыз кәсіпкерлік қызмет») және 218-бабы («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру») бойынша қаралып жатыр.

Сот процесі жалғасуда.

Сайт Әкімшілігі