Live

Достық үйі – этносаралық келісімнің тірегі: Марат Әзілханов құрылыс барысымен танысты

Марат Әзілханов Қызылордадағы жаңа Достық үйінің құрылыс барысымен танысты.

Фото: assembly.kz

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандарды аралап, олардың қызметімен танысты. Сапар барысында ол өңірдегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді дамытуға бағытталған бастамаларға ерекше назар аударды. Сапардың негізгі нысандарының бірі — Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай салынып жатқан жаңа облыстық Достық үйі болды. Бұл нысан этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық құрылымдардың, жастар ұйымдарының басын біріктіріп, өңірдегі бірлік пен татулықтың символына айналмақ. Жаңа Достық үйі – аймақтың этносаралық келісімді нығайтатын, қоғамдық келісімге бағытталған жұмыстарды үйлестіретін маңызды орталық ретінде қарастырылып отыр.

Марат Әзілханов жаңа ғимараттың құрылыс сапасына, инфрақұрылымына және оның болашақтағы қоғамдық маңызына баса назар аударды. Оның айтуынша, мұндай нысандар қоғамдағы тұрақтылықты, өзара түсіністікті және азаматтық бірлікті сақтауда маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар Ассамблея Төрағасының орынбасары облыста жаңадан ашылған және құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарда болды. Атап айтқанда, облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Анаға тағзым» рухани-тәлімдік орталығы, «Сыр Жұлдыздары» шығармашылық академиясы, Отбасы орталығы, Өнер орталығы, сондай-ақ 11 мың көрерменге арналған жаңа стадионның құрылысымен танысты.

Кездесу барысында Марат Әзілханов мұндай нысандардың қоғам үшін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мекемелер жастармен тығыз байланыс орнатып, олардың рухани және мәдени дамуына серпін беруі тиіс.

— Әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымдар тек қызмет көрсету мекемелері емес, олар – қоғамның бірлігі мен рухани құндылықтарының негізі. Әсіресе, жастармен жұмыс істеу, оларды елжандылыққа, татулық пен ынтымаққа тәрбиелеу бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі, - деді Марат Әзілханов.

Ол сондай-ақ Қызылорда облысының мәдени әлеуеті мен қоғамдық өмірдегі белсенділігін жоғары бағалап, Ассамблеяның жергілікті құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің жұмысын қолдауға дайын екенін жеткізді.

Сайт Әкімшілігі