14 жастағы оқушыға шабуыл: Туыстары істі ерекше бақылауға алуды талап етті
Ақтауда 14 жастағы оқушыға 16 және 17 жастағы екі жасөспірім шабуыл жасап, оны соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады.
Зардап шеккен баланың әпкесінің айтуынша, 4 тамыз күні таңертең күдіктілер жасөспірімді досына қоңырау шалып, сыртқа шығуын талап етуге мәжбүрлеген. Досы шықпаған соң, олар оқушыны ұрып-соғып, болған оқиғаны видеоға түсіріп, әлгі балаға «шықпасаң, досыңның да көрері осы болады» деген мазмұнда қорқыту ретінде жіберген.
Оқушы бас жарақатымен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Туыстарының айтуынша, күдіктілердің бірі полиция қызметкерлерінің көзінше жасаған әрекетін мойындап, қажет болса тағы да қайталайтынын айтқан. Қазір отбасы істің әділ тергелуін сұрап, құқық қорғау органдары мен прокуратурадан істі ерекше бақылауға алуды талап етті.