Live

14 жастағы оқушының туыстары оның өліміне мұғалімді кінәлады

14 жастағы Қали Қуаныштың отбасы оның өліміне қатысты мәлімдеме жасады.

Фото: ашық дереккөз

Қалидың әпкесі әлеуметтік желідегі жазбасында оның отбасындағы алты қыздың арасындағы жалғыз ұл болғанын және 7-сыныпта оқығанын жазды. Оның айтуынша, бала 2026 жылғы 25 ақпанда өзіне қол жұмсап, қайтыс болған.

Туыстары қайғылы жағдайға мектептегі мұғалімнің әрекеті себеп болуы мүмкін деп есептейді. Олардың айтуынша, оқиғаға дейін алгебра сабағында мұғалім тақтаға жазылған тапсырманы оқушыларға дәптерлеріне жазуды тапсырған. Сол кезде Қалидың жанында отырған оқушы тақтадағы жазуды көре алмай отырғанын айтып, телефонын алып, тақтаны суретке түсірген. Туыстарының мәліметінше, сол суретке мұғалім де түсіп қалған.

Отбасының айтуынша, мұғалім жасөспірімді өзін суретке түсірді деп айыптап, 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынатынын айтқан. Сондай-ақ Қуаныштан "айыппұлға қарсылығым жоқ" деген мазмұнда түсініктеме жазуды талап еткен.

Кейін мұғалім оның әкесін шақыртуды талап еткен. Туыстарының сөзінше, Қуаныш әкесін шақыратынын айтқанымен, телефон соғуға дейін мектептен шығып кеткен.

Отбасы өкілдерінің айтуынша, шамамен бір сағат бойы оны ешкім іздемеген. Осы уақытта бірнеше сабақ өтіп, дене шынықтыру сабағы басталғанымен, жасөспірім мектепке оралмаған.

Кейін алгебра пәнінің мұғалімі Қуаныштың туыстарының біріне телефон шалып, баланың мектептен кеткенін және оның жоқтығына алаңдап отырғанын айтқан. Біраз уақыттан кейін жасөспірімнің сарайдан мәйітін тапқан. Ол өзіне қол салған.

Қуаныштың туыстары оқиғаға қатысты барлық мән-жай толық зерттеліп, мұғалімнің әрекетіне құқықтық баға берілуін талап етіп отыр.

Бұл – марқұмның туыстары айтқан нұсқа. Мұғалімнің кінәсі соттың немесе ресми тергеудің қорытындысымен расталғаны туралы ақпарат жоқ.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Қали Қуаныш